Жарияланған күні: 23.08.2016 10:50
Өзгертілген күні: 23.08.2016 10:51

2016 жылғы 14 маусымда өткізілген кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі Формуда бизнес-қоғамдастықты толғандыратын проблемалар талқыланды. Оларды шешу үшін 110-нан астам ұйымдастыру-практикалық және құқықтық іс-шараларды қамтитын «Жол картасы» әзірленіп, іске асырылуда.

Бұл картаның бағыттарының бірі ретінде құқық қорғау органдарының тарапынан бизнеске қысымды төмендету айқындалды.

Ол үшін Астанада және Ақмола облысында бизнес субъектілеріне қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істерді оларды бастамалаудың негізділігі бойынша тексеру жүргізілуде. Қылмыстық қудалау органдарымен заңсыз қозғалған 127 іс анықталды, олар прокурорлардың нұсқауы бойынша тоқтатылды. Қылмыстық іс жүргізу шеңберінде жүргізілген 98 заңсыз тексеріс анықталды.

Бұл жұмыстың мақсаты – кәсіпкерлерге қатысты анық емес экономикалық қылмыстар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді бастамалаудың салмақты тетігін әзірлеу.

Қабылданған шаралар осы өңірлерде ғана емес, сондай-ақ барлық республика бойынша оң нәтижесін берді. Бір айдың ішінде елімізде кәсіпкерлерге қатысты қозғалған қылмыстық істердің саны 2 есеге, салықтық тексерулер саны үштен біріне азайтылды. Бұл тек алдын ала қорытындылары ғана.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп ауыл тұрғындарын бизнеске жаппай тарту жөнінде жұмыс жүргізілуде. Ауылдық жерлерде бизнесті дамытудың толық жоспары әзірленді, ол, біздің пікірімізше, өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты әрі теңгерімді өсуін қамтамасыз етуге, қазіргі бар жұмыс орындарын сақтап қалуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Бас прокуратураның жанында 150 мың теңгеге дейінгі инвестицияларды қажет ететін аз бюджетті үлгілік микрожобаларды әзірлеумен айналысатын сараптау тобы құрылды. Жақын арада бұл жобалар халық арасына таратылатын болады.   

Бизнеске кедергі келтіретін құқық нормаларын өзгерту бойынша жұмыс жүргізілуде.

Бас прокуратураның сайтында кез келген адамға заңнамада кәсіпкерлік мәселелері бойынша бар проблемаларды көрсетуге мүмкіндік беретін арнайы сайт жұмысын бастайды. Келіп түскен барлық ұсыныстар уәкілетті органдармен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен пысықталатын болады. Бизнесмендерді іске қосылатын сервисті белсенді қолдануға шақырамыз.

Мұндай функция «Атамекен» ҰКП және «Нұр Отан» партиясының сайттарында да қолжетімді болмақ.

Кәсіпкерлік мәселелеріне арналған Форум шешімдерін іске асыру жалғасуда. Жақын арада бұл жұмыстың толығырақ нәтижелерін Бас прокуратураның алқа отырысында қарау жоспарланып отыр.