
2022 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттықты қалпына келтіру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. Бұл қарызы бар азаматтар 2023 жылдың наурыз айында банкроттық туралы арыз бере алады деген сөз.
Халықаралық тәжірибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрін енгізу ұсынылды (соттан тыс банкроттығы, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру).
Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана бастайды, яғни несие беруші немесе өзге кредитор борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ.
Сот банкроттығы, азаматтар қырызы 1600 АЕК – тен астам (2023 жылы - 5 млн 520 мың теңге) және кредиторлар алдындағы борыштардың барлық түрлері бойынша қолдана алады.
Сот банкроттығы кезінде борышкердің мүлкі сауда-саттықта сатылады.
Борыштың қалған өтелмеген сомасы борышкердің жосықсыз белгілері болмаған жағдайда есептен шығаруға жатады. Яғни, ол мүлікті, ол туралы ақпаратты жасырмауы және жалған мәліметтер бермеуі керек.
Алайда, алимент және басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян бойынша қарыздар, қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша залалды өтеу, сондай-ақ сот шешімі бойынша өндіріп алынатын бюджетке төленетін төлемдер есептен шығарылмайтындығына Сіздердің назарларыңызды аударғым келеді.
Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына:
• Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер;
• Кәсіби бухгалтерлер;
• Заң кеңесшілері;
• Аудиторлар, кіреді.
Барлық борышкерлер қаржы басқарушыларының қызметтерін төлей алмайтынын назарға ала отырып, заң жобасында мүлкі жоқ халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарға мемлекет есебінен ақы төлеу көзделген.




























