
26 мамырда 17.00 сағатта Қазақстанның барлық ірі қаласында – Алматы, Астана, Қонаев, Ақтөбе, Тараз, Түркістан, Ақтау, Қостанай, Өскемен, Петропавл, Павлодар, Қарағанды, Балқаш, Орал, Қызылорда, Шымкент, Атырау, Көкшетау, Талдықорған, Семей қалаларында «Халық заңгері» бірыңғай акциясы өтті,
Жобаның мақсаты – азаматтардың, әсіресе халықтың осал топтарына: аз қамтылғандарға, көп балалы отбасыларға, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, шағын және орта бизнес өкілдері, студенттер және басқа да көптеген азаматтардың құқықтық сауатын арттыру және тегін заңгерлік көмек көрсету.
Көкшетауда акция Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің бас ғимаратында өткізілді. Шара барысында Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері азаматтарға салық және кеден саласында кеңес берді.
Бұрын-соңды болмаған бірегей «Халық заңгері» акциясы 2016 жылы өткізіле бастады. Бұл идеяны еліміздің барлық заңгерлік қауымы қолдады. Акция қарапайым қазақстандықтардың көңілінен шығып, кейіннен сұранысқа ие болғаны сонша, ұйымдастырушылар оны жыл сайын үлкен қалалар мен өңірлерде өткізуді ұйғарды.
Халықтың қамтылуы мен аумағы жағынан «Халық заңгерінің» Қазақстанда ғана емес, әлемде теңдесі жоқ. Қазақстан – «Халық заңгері» сияқты бірегей ауқымды акция дүниеге келген және одан әрі қарқын алып келе жатқан алғашқы және жалғыз мемлекет. Бүкіл халыққа бір мезгілде тегін заңгерлік кеңес беру ешбір елде болған емес.
Бұл жоба шынымен де Қазақстанда жалпыхалықтық сипатқа және жалпыұлттық, мемлекеттік мәнге ие болды.
«Халық заңгері» құқықтық демократиялық мемлекетіміздің, ортақ үйіміздің дамуына үлес қосып келеді. Мұнда заңның үстемдігі, азаматтардың құқығы мен бостандығын сақтау абсолютті басымдыққа айналуға тиіс.