
2024 жылғы 9-10 қыркүйекте Астана қаласында Орталық Азиядағы шекараларға жәрдемдесу және басқару жөніндегі Еуропалық Одақ Бағдарламасының Өңірлік кеңсесі Қазақстандағы БОМКА жобасының Ұлттық басқарушы тобының 3-ші отырысын өткізді. Бұл жобаны Латвия Республикасының Мемлекеттік шекара күзетінің басшылығымен ЕО серіктестер консорциумы жүзеге асырады.
Жоба шекараларды, сауданы интеграцияланған басқару арқылы орнықты экономикалық дамуға жәрдемдесу, сондай-ақ трансшекаралық ынтымақтастықты қолдау және Орталық Азияның шекаралас аудандарында тұратын адамдардың өмір сүру жағдайларын жақсарту арқылы өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты арттыруға бағытталған.
Отырыстың ашылуында Алешка Симкич ханым, Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі, және Ирина Мангуле ханым Латвия Республикасының Қазақстан мен Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі құттықтау сөз сөйледі.
Алешка Симкич ханым өз сөзінде 2019 жылы қабылданған Орталық Азия бойынша іске асырылатын Еуропалық одақтың Стратегиясының ережесіне байланыстың, біздің қалыптасқан әріптестік қатынастарымызды нығайтуға деген Қазақстанды қоса алғанда, Орталық Азия елдері үкіметтерінің және ЕО-ның қызығушылығының артқанын да атап өтті.
Бұл стратегия шекараны интеграцияланған басқаруды кеңейтуге, ұйымдасқан қылмыспен күресуге және заңсыз көші-қонмен күресуге бағытталған, мұнда БОМКА бағдарламасы ЕО атынан осы күш-жігерде шешуші рөл атқарады.
Отырыс барысында өткізілген оқу іс-шараларының қорытындылары бойынша сарапшылардың ұсынымдарын іске асыру мәселелері қаралды, өткен уақыт кезеңінде кедендік әкімшілендірудің әртүрлі салаларында қол жеткізілген нәтижелер, сондай-ақ алдағы жылға арналған жоспарлар талқыланды.
Іс-шараға ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті, ҚР ҚМ МКК Оқу-әдістемелік орталығы, ҚР СІМ, ҚР ІІМ, ҚР ҰҚК ШҚ, ҚР АШМ өкілдері қатысты.
10 қыркүйекте бенефициарлардың әрқайсысымен және халықаралық серіктестермен екіжақты тақырыптық консультациялар өткізілді.
Осы кездесуде тараптардың бенефициарлар ретінде жобаға тартылған қажеттіліктері қаралды, халықаралық тәжірибені зерделеу жөніндегі іс-шараларды бірлесіп өткізу жөніндегі ұсыныстар егжей-тегжейлі талқыланды, сондай-ақ одан әрі ынтымақтастық туралы пайым талқыланды.
Мемлекеттік кірістер комитеті халықаралық тәжірибені зерделеу мақсатында 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына кедендік әкімшілендіру бойынша тақырыптар ұсынды, сондай-ақ ҚР Шекара қызметі қызметкерлерін "MOODLE" қашықтықтан оқыту жүйесі платформасында оқыту мәселелері және а. ж. қарашада өтетін ОА елдерінің кедендік және шекара қызметтері оқу орындары басшыларының консорциумын өткізу жөніндегі ұйымдастыру мәселелері талқыланды.