Date of publication: 02.12.2024 18:35
Date of changing: 02.12.2024 18:36

Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Еуразиялық экономикалық одаққа (бұдан әрі –  ЕАЭО) мүше мемлекеттермен бірлесе отырып, ЕАЭО құқығына трансшекаралық электрондық сауда мәселелерін кешенді реттеуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жүргізген жұмыстың нәтижесінде 2023 жылғы желтоқсанда мүше мемлекеттердің басшылары ЕАЭО Кеден кодексі туралы Шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды.

Жаңа кедендік реттеу ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кедендік аумағында тұратын (орналасқан) жеке тұлғалар интернет желісін пайдалана отырып, шетелдік интернет-алаңдарда (дүкендерде) сатып алатын тауарларға қатысты енгізіледі, яғни, сатушы заңды тұлға, ал сатып алушы жеке тұлға (В2С) болып табылатын интернет-сатып алуға қатысты жаңа реттеу қолданылатын болады.

Жоғарыда көрсетілген өзгерістер мен толықтырулар сыртқы электрондық сауда шеңберінде сатып алынған тауарларды оны реттеу ерекшеліктерін айқындай отырып, жеке санатқа бөлуді білдіреді және мыналарды:

электрондық сауда операторы институтын (бұдан әрі – Оператор) енгізуді;

кедендік декларацияның жаңа түрін - электрондық сауда тауарларына арналған декларацияны қолдануды;

Комиссия бірыңғай мөлшерлеменің мөлшерін белгілейтін электрондық сауда тауарларына қатысты жаңа кедендік баж енгізуді;

кеден қоймасының кедендік рәсімін пайдалана отырып, Оператордың қоймасынан жеке тұлғаларға тауарларды өткізуді қамтиды.

Бұл ретте электрондық сауда тауарларын сатып алушы-жеке тұлғаға жеткізудің екі тәсілі көзделеді.

  • жеке тұлғалар сатып алған электрондық сауда тауарлары («тікелей жеткізу» деп аталатын-сатып алудың бұрыннан бар тәсілі);
  • жеке тұлғаларға сатуға арналған электрондық сауда тауарлары (тауарды шетелдік интернет-алаңда сатып алу, ал оны ҚР аумағындағы Оператордың қоймасынан алу, яғни «бонд қоймасы» қағидатын қолдану).

Комиссия өз өкілеттіктерін іске асыру мақсатында тиісті актілер қабылдады, олар ЕАЭО Кеден кодексі туралы шартқа түзетулермен бір мезгілде күшіне енуі тиіс:

  • жеке тұлғалар сатып алған электрондық сауда тауарларын ЕАЭО кедендік аумағынан әкетуге кеден органының рұқсатын алуға және ресімдеуге байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібін бекіту туралы (Комиссия Алқасының 04.09.2024 ж. №105 Шешімі);
  • электрондық сауда операторының міндеттерін орындауды қамтамасыз ету мөлшерін айқындау туралы (Комиссия Кеңесінің 24.09.2024 ж. №76 Шешімі);
  • сатып алғаннан кейін қайтарылған жағдайда электрондық сауда тауарларын сәйкестендіру тәртібін бекіту туралы (Комиссия Кеңесінің 24.09.2024 ж. №75 Шешімі).

Сонымен қатар ЕАЭО Кеден кодексі туралы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Хаттама және жоғарыда көрсетілген актілері  барлық ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде осы Шартты ратификациялау жөніндегі мемлекетішілік рәсімдер жүргізілгеннен кейін күшіне енеді.