Date of publication: 23.09.2025 18:04
Date of changing: 23.09.2025 18:04

 Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінің (14-тарауының 2-параграфы) ережелерін іске асыру мақсатында «Деңгейлес мониторингтің кейбір мәселелері туралы» бұйрық жобасын әзірледі.

       Деңгейлес мониторинг дегеніміз не?

      Деңгейлес мониторинг – салық органдары мен салық төлеушілер арасындағы ашықтық, сенім мен әріптестік қағидаттарына негізделген өзара іс-қимылдың жаңа нысаны. Негізгі мақсаты – салықтық тәуекелдерді азайту және салықтық бақылау рәсімдерін компанияның кәсіпкерлік қызметіне араласпай оңайлату.

      Бұйрық жобасының негізгі ережелері:

  • деректер витринасына, ішкі бақылау жүйесіне және есептілікті ашуға қойылатын талаптар белгіленген;
  • деңгейлес мониторинг жүргізу туралы өтініштерді беру, келісімдер жасасу және бұзу тәртібі белгіленген;
  • мониторинг жүргізу рәсімі регламенттелген.

      Мониторинг қалай жүргізіледі?

  • Жүйеге қатысу ерікті болып табылады. Өлшемшарттарға сәйкес келетін компаниялар уәкілетті органмен деңгейлес мониторинг жүргізу туралы келісім жасай алады.
  • Өзара іс-қимыл электрондық форматта, салықтық есептілікке, бухгалтерлік есепке алу тіркелімдеріне және бастапқы құжаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе – «деректер витринасы» арқылы жүзеге асырылады.
  • Мұндай тәсіл салық төлеушілердің қызметін жедел талдауға, рәсімдерді оңайлатуға және салықтық бақылау мерзімдерін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.

      Бизнес үшін артықшылықтары:

  • әкімшілік жүктемені азайту;
  • салықтық әкімшілендірудің болжамдылығы мен ашықтығы;
  • дәстүрлі тексерулер санының азаюы;
  • бизнес пен мемлекет арасындағы әріптестік қатынастарды нығайту.

         Деңгейлес мониторинг — бизнес пен мемлекет арасындағы ашық диалог пен әріптестікке жасалған қадам.