Date of publication: 16.02.2026 11:06
Date of changing: 16.02.2026 11:07

Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының Салық кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде.

Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану үшін салық төлеушілер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 28 ақпанға дейінгі кезеңде (өтпелі кезең) жаңа Салық кодексінің 840-бабының ережелеріне сәйкес осы режимге көшу туралы хабарлама ұсынуы қажет. Мұндай хабарламаны ұсынған салық төлеушілер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап оңайлатылған декларация режимін қолданатын болып танылады.
     
Хабарламаны автоматты түрде беру жүзеге асырылады:
      1) салық төлеушінің кабинетінде «Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі» ақпараттық жүйесінде «құжаттарды тапсыру» бөлімінде «қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама» қолжетімді болады, оны салық төлеушілер өздерінің ЭЦҚ-сына қол қою арқылы және «E-Salyq Business» мобильдік қосымшасы арқылы жібере алады;
     2) ірі банктердің банктік қосымшаларында.
      Сонымен қатар, хабарламаны салық төлеушінің орналасқан жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз түрінде ұсыну мүмкіндігі де қарастырылған.
 Сонымен қатар бизнес өкілдеріне  кәсіпкерлерді қолдау және бухгалтерлік пен салықтық есепті жүргізу сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі «Халық бухгалтері» акциясы өткізіліп жатқаны туралы ақпарат жеткізілуде.

    Акция 2026 жылғы 5 қаңтарда басталып, 2026 жылғы 30 маусымға дейін жалғасады.

      «Халық бухгалтері» — жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне арналған тегін консультациялық көмек.

              2026 жылғы қаңтар–ақпан айларында консультациялар аптасына 3 рет (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма) сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін өткізіледі.

      2026 жылғы наурыздан бастап консультациялар аптасына 2 рет жүргізіледі.

   Ақмола облысы бойынша іс-шара Көкшетау қаласы, Назарбаев даңғылы, 21А мекенжайында орналасқан Көкшетау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында өтеді.

       Сондай-ақ қабылдау уақытында аудандық және қалалық басқармалар арасында бейнебайланыс пен телефон арқылы кеңес беру мүмкіндігі көзделген.