Date of publication: 16.03.2016 17:54
Date of changing: 16.03.2016 17:57

Көкшетау қаласында Ақмола облысының әкімдік ғимаратында облыс әкімнің орынбасары Дәурен Әділбековтің төралығымен оңалту және банкроттық саласындағы заңнамасындағы жаңа нормаларды түсіндіру семинары өткізілді.

Бұрын банкрот болу деген – күйреу, қаржылық сәтсіздік, мүліктерді сату, нысанды толығымен жою және тізбектелген қарыздары болу. Өткен жылдың желтоқсан айына дейін осындай түсінік қалыптасқан еді. Дегенмен, енді кәсіпкерлік ортада, нақтырақ айытқанда, кәсіпорын иелерінің өз қызметтерін қалпына келтіруге мүмкіндіктері бар. Банкрот деп танылған кәсіп иелеріне қатысты барлық өзгерістер облыстық әкімдіктегі семинарда айтылды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Салықтық бақылау департаментінің Берешектермен жұмыс басқармасы басшысының орынбасары Елена Юрьевна Мотовилова оңалту және банкроттық саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасындағы жаңа нормаларды түсіндірді.

2015 жылғы 13 қарашада 100 қадамды іске асыру бойынша Ұлт жоспары шеңберінде әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылды. Бұл құжат заңды күшіне 2015 жылғы 2 желтоқсанда енді.

Аталған Заң, кәсіпорынды банкрот деп танығаннан кейін сақтап қалудың баламалы тәсілдерін ұсынады.

Бұл банкроттықтың кез келген сатысында оңалту рәсімін қолдану және борышкер мен кредитор арасында бітімгершілік келісім жасасу, сондай-ақ, банкрот-кәсіпорынды сату және меншік иесін ауыстыру мүмкіндігі.

Банкроттықтың алдын алу мақсатында әрекеттегі өндірісті сақтап қалудың жаңа тәсілі ұсынылған, ол – борышкер мен кредиторлар арасында төлем қабілетсіздігін келісім жасасу арқылы реттеу.

Сонымен қатар, оңалту және банкроттық рәсімдерін өткізудің ұзақтығы мәселесін шешу үшін Заңмен оңалту және банкроттық туралы істердің соттылығын белгілеу, сот актілерін апелляциялық сатыда шағымдануды шектеу, борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімін дереу орындауға жатқызу қарастырылған.

Аталған шараға Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің, мамандырылған ауданаралық экономикалық сот, екінші деңгейдегі банктер өкілдері, салық төлеушілер мен оңалту және банкроттық рәсімдерінде қызмет атқаратын әкімшілер қатысты.

Шақырылғандар талқылауға белсенді қатысып, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Ұлт жоспары шеңберінде әзірлеген заң шығармашылық бастамаларының жүзеге асырылуы әрекеттегі өндірісті, жұмыс орындарын барынша сақтап қалу, сондай-ақ, оңалту және банкроттық рәсімдерін өткізу мерзімдерін қысқартуды қамтамасыз етуге ықпалын тигізетініне сенім білдірді.