Date of publication: 25.06.2020 14:15
Date of changing: 25.06.2020 14:16

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында әлеуметтік-экономикалық өмір ойдағыдай дамуда. Осыған орай бейрезидент-еңбекші көшіп келушілер бізге табыс табуға келуде.

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жасалған еңбек шарттары бойынша алынған (алуға жататын) кірістер бойынша бейрезидент-еңбекші көшіп келушілер еңбекші көшіп келушіге рұқсат негізінде салықтық кезең ішінде жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем төлеуді жүргізеді.

Жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем айлық есептiк көрсеткiштiң 2 еселенген мөлшерiнде бейрезидент-еңбекші көшіп келушінің еңбекші көшіп келушіге арналған рұқсатты алуға (ұзартуға) өтінішінде көрсеткен тиісті кезеңнің жұмыстарын орындаудың, қызметтерін көрсетудің әрбір айы үшін есептеледі.

Жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем төлеуді бейрезидент-еңбекші көшіп келуші еңбекші көшіп келушіге арналған рұқсатты алғанға (ұзартқанға) дейін болатын жері бойынша жүргізеді.

Салық кодексінің 658-бабы 5-тармағы бойынша салықтық кезең аяқталғаннан кейін бейрезидент-еңбекші көшіп келушілер кірістің салық салынатын сомасына Салық кодексінің 320-бабының 1-тармағында белгіленген 10% мөлшерлемені қолдану арқылы жеке табыс салығының сомасын есептеуді жүргізеді.

Кірістің салық салынатын сомасы жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден алынған (алынуға жататын) кірістердің айлық есептік көрсеткіштің 12 еселенген мөлшерінің еңбекші көшіп келушіге арналған рұқсатта көрсетілген тиісті кезеңнің жұмыстарын орындаудың, қызметтерін көрсетудің әрбір айы үшін есептелген сомасына азайтылған сомасы ретінде айқындалады.

Салықтық кезең ішінде бюджетке бейрезидент-еңбекші көшіп келуші төлеген алдын ала төлемдер сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығын төлеу есебіне есепке жатқызылады.

Егер салықтық кезең ішінде төленген жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемдердің сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығының сомасынан аз болса, онда жеке табыс салығын есептеу жеке табыс салығы бойынша декларацияда (240.00 нысан) көрсетіледі және салықтық кезеңнің қорытындысымен декларация бойынша жеке табыс салығын төлеуді бейрезидент-еңбекші көшіп келуші Салық кодексінің 659-бабында көзделген жеке табыс салығы бойынша декларация (240.00 нысан) тапсырылған мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей болатын жері бойынша жүзеге асырады.

Жеке табыс салығы бойынша декларацияны (240.00 нысан) бейрезидент-жеке тұлға салық төлеушінің болатын (тұрғылықты) жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей тапсырады.

Бұл ретте салықтық кезең ішінде осы Кодекстің 644-бабы 1-тармағының              21) тармақшасында көрсетілген кірістерді алған бейрезидент-еңбекші көшіп келуші Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шыққан жағдайда жеке табыс салығы бойынша декларация (декларациялар) осындай адамның Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шығатын күніне дейін тапсырылады.