
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілердің салық міндеттемелерін барынша азайту жағдайларын анықтау және жолын кесу бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, салық төлеушілерге салықтық есептілікті және/немесе салық міндеттемелерін бюджетке төлеу арқылы бұзушылықты дербес жою үшін хабарлама жолданады.
Өкінішке орай, кейбір жағдайларда салық төлеушілер мұндай хабарламаларды ресми түрде орындаумен шектеледі, бұл салық міндеттемелерін толық және уақтылы орындауды қиындатады. ҚР ҚМ МКК осындай хабарламалардың орындалу тиімділігін тұрақты негізде талдайды және тиісті шаралар қабылдайды.
Мұндай жағдайдың мысалы ретінде 2023 жылғы 20 қаңтарда 2022 жылғы 1 тоқсандағы ЭШФ мен ҚҚС бойынша декларацияны салыстыру кезінде анықталған 419 млн теңгеге есепке жатқызылған ҚҚС сомасын асыра көрсету туралы камералдық бақылау хабарламасы жолданған «А» ЖШС болып табылады. Мәселен, СЕН деректері бойынша ҚҚС сомасы 474 млн теңгені, ал ЭШФ бойынша – 55 млн теңгені құрады. «А» ЖШС қосымша декларацияларды 2023 жылғы ақпан-наурыз айларында ұсынған, алайда талаптың орындалуына қарамастан салық төлеуші белгіленген мерзімде (2022 жылғы 15 мамырға дейін) салықтарды толық төлемеген. Осындай бұзушылықтар үшін әр түрлі кезеңдер бойынша 19 хабарлама жолданған.
Салық төлеуші салық міндеттемелерінің бар екенін мойындай отырып, нақты салық төлеуден жалтарады және салық есебін жүргізу тәртібін саналы түрде бұзады. Бұл салықтық тәуекелдің жоғары деңгейін білдіретін заңнаманы тікелей бұзу арқылы салық міндеттемелерін азайтудың бір түрі.
Бүгінгі күні ҚР ҚМ МКК одан әрі салықтық тексерулер жүргізу мақсатында камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық міндеттемелерін барынша азайтумен айналысатын 150 салық төлеушінің қызметіне талдау жүргізді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 23 салық төлеуші жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге қосымша декларация тапсырды, оның 900 млн теңгесі өндірілді. Сондай-ақ, 22 салықтық тексеру жүргізілуде, оның нәтижелері бойынша 1,3 млрд теңге қосымша есептеу көзделуде.
ҚР ҚМ МКК салық төлеуден жалтару жағдайларын анықтау және жолын кесу, сондай-ақ ел бюджетіне салық міндеттемелерін уақтылы және толық төлеуді қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмысты жалғастырады.