Жарияланған күні: 29.10.2020 14:52
Өзгертілген күні: 29.10.2020 14:54

Алдын алу шаралары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі бағытына айналды.

Тараптардың бастамасымен Қаржы министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығы кездесу өткізді. Шара барысында күн тәртібі мемлекеттік кірістер органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ішкі мемлекеттік аудит, қаржылық мониторинг, қазынашылық және мемлекеттік мүлік саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

Шараға ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қатысты. Сондай-ақ, министрліктің жауапты хатшысы Айдын Ашуев, ҚР Қаржы министрлігінің барлық комитеттерінің, облыстық және ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары қатысты.

Кездесу барысында қылмыстық-құқықтық статистиканың үрейлі тенденцияларын, сондай-ақ кедендік әкімшілендіру және ішкі мемлекеттік аудит саласындағы сыртқы талдауларды көрсететін сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді мониторингтің нәтижелері талқыланды.

Қаржы министрі Е.Жамаубаев министрліктің қызметкерлер саны жағынан ең үлкен құрылымдырдаың бірі екенін атап өтті. Мұнда 17 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

«Министрліктің құрылымына 5 Комитет және 3 ведомстволық бағынысты ұйым кіреді. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарға ерекше мән береміз. Біз оны ерекше бақылауда ұстаймыз», - деді министр.

Сонымен қатар, кездесу барысында ведомствоның жауапты хатшысы Айдын Ашуев Қаржы министрлігі ұжым ішінде де, қазақстандық қоғамда да, іскерлік ортада да, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар арасында да сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыруға мүдделі екенін баса айтты.

«Біз өз ұжым ішінде осы бағыттағы жұмыстарды жүргізіп жатырмыз.Қаржы министрлігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетудің алдын алу шараларына баса назар аударады», - деді А.Ашуев.

Атап айтқанда, 2019 жылдың шілдесінен бастап Қаржы министрлігінде «Адалдық алаңы» жобасы жүзеге асырылуда: 6 негізгі бағыт бойынша тәуекелдерді талдау жүргізіледі: «кедендік бақылау», «мемлекеттік сатып алу», «салық салу, экономикалық тергеу қызметі», «мемлекеттік аудит» және «Республикалық меншікті басқару».

Сондай-ақ, көлеңкелі экономиканы төмендету, бизнесті қорғау және сыбайлас жемқорлықпен күресудің Жол картасы бар; «Қаржы мониторинг органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы 10 қадам» сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарлама іске асырылуда.

Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев салық және кеден органдарының «клиент үшін тартымды» болу керектігін айта келе: «Қаржы саласы ерекше ашықтықты және қол жетімділікті қажет етеді. Сыбайлас жемқорлық дәл осы қағидалардан қорқады. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының мүмкіндігін болдырмау үшін цифрлық шешімдер мен құралдарды енгізуді жеделдету қажет», деді.

Еске сала кетейік, Қаржы министрлігінің мамандары заңнамалық өзгерістерді ұсынуда. Бірінші кезекте - мемлекеттік сатып алу саласындағы өзгерістер. Бұл шаралар мемлекеттік сатып алу нәтижелеріне адами факторлардың әсерді азайтып, араласуын болдырмайды.

ҚР Қаржы министрлігінің барлық процедуралары жүйелі түрде автоматтандырылған және электронды форматқа аударылған. Қазіргі уақытта Министрлік ұсынатын 50 мемлекеттік қызметтің 42-сі электронды түрде көрсетіледі. Жыл соңына дейін тағы 4 кедендік қызмет электронды форматқа көшіріледі.

Айта кету керек, бүгінде министрліктің құрылымында 77 әдеп жөніндегі уәкіл жұмыс істейді.

Іс-шара соңында ҚР Қаржы министрлігі мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылары ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитетінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша бірлескен жоспарға қол қойды.