
Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай есеп айырысулар модельдері мемлекеттік тізілімге енгізілген, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналары мiндеттi түрде қолданыла отырып жүргiзiледi.
2021 жылдан бастап ақшалай есеп айырысуды жүзеге асыру кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар БКМ қолдануға міндетті емес:
1) жеке тұлғалардың;
2) жеке сот орындаушыларының, адвокаттар мен медиаторлардың;
3) уәкілетті органмен келісу бойынша көлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен нысан бойынша билеттерді бере отырып, қалалық қоғамдық көлікте тасымалдау бойынша халыққа қызмет көрсету бөлігінде;
4) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің;
5) қызметі ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi жоқ жерлердегі салық төлеушілердің;
6) екінші деңгейдегі банктердің;
7) діни бірлестіктердің;
8) ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысуларды қоспағанда, Ұлттық пошта операторының ақшалай есеп айырысуларына қолданылмайды.
Сондай-ақ БКМ пайдалану орнын ауыстыруды немесе орнын өзгертуді БКМ есептен алып тастамай-ақ жүзеге асыруға болады.
Бақылау-касса машинасын және төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) қолданудағы бұзушылықтар туралы ақпаратқа ие адамдар өздеріне белгілі болған, бейне тіркеумен расталған бұзушылық фактілері туралы салық органына хабарлауға құқылы, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап заңмен бекітілген.
Бақылау-касса машинасын және төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) қолданудағы бұзушылық фактілері туралы хабарлаған адам, мұндай факт расталған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен сыйақы беруге жатады.





























