Жарияланған күні: 10.06.2025 12:42
Өзгертілген күні: 10.06.2025 12:45

Мемлекеттік кірістер Департаменті тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер үшін қолма-қол немесе қолма-қол емес есеп айырысулар кезінде сатушы бақылау-кассалық машинаны (БКМ) пайдаланып, қағаз немесе электрондық форматта фискалдық чек беруі тиіс екенін еске салады. 

Фискалдық чек – бұл сатып алу фактісін растайтын заңды құжат. Чектің көмегімен заңда белгіленген мерзім ішінде тауарды қайтаруға немесе айырбастауға болады, осылайша өз құқықтарыңызды қорғай аласыз.

 Фискалдық чек бермей жатса, не істеу керек?

 Фискалдық чек берілмеген жағдайда азаматтар салық төлеуші орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органына «e-Otinish» ресми сервисі арқылы шағым жолдай алады.

Шағымға бұзушылықты дәлелдейтін бейнежазба, нақты мекенжайы мен уақыты, кәсіпкерлік субъектісінің атауы, сатып алынған тауар, жұмыс немесе қызмет туралы мәлімет, сондай-ақ мүмкін болған жағдайда басқа да қосымша ақпарат қоса берілуі қажет.

Фискалдық чек берілмеген жағдайда салық төлеушіге алғаш рет ескерту жасалады. Бір жыл ішінде бұзушылықтар қайталанса, айыппұл салынады:

- нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын бизнес субъектілеріне – 20 АЕК;

- орта бизнес субъектілеріне – 30 АЕК;

- ірі бизнес субъектілеріне – 40 АЕК.

Сондай-ақ, қызмет барысында БКМ болмауы құқықбұзушылық болып саналады және алғаш рет ескерту жасалады. Бір жыл ішінде бұзушылықтар қайталанса, айыппұл салынады:

- нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын бизнес субъектілеріне – 15 АЕК;

- орта бизнес субъектілеріне – 30 АЕК;

- ірі бизнес субъектілеріне – 50 АЕК.

 Сонымен қатар, салықтық мәдениетті арттыру мақсатында 2025 жылдың 3 сәуірінен бастап «Чек талап ет – жүлде ұтып ал» Республикалық акциясы басталды!

Енді сіздердің әрқайсысыңыз күнделікті сатып алулар жасай отырып немесе ақылы қызметтерді ала отырып, тек фискалдық түбіртек алып қана қоймай, бағалы сыйлықтарды, соның ішінде ақшалай сыйлықтарды ұтып ала аласыз. Алынған түбіртекті «Amian» мобильді қосымшасында тіркесеңіз болғаны.

Сондай-ақ, 2025 жылдың 1 мамырынан бастап «Бәйге» атты жаңа мотивациялық науқан күшіне енеді.

Осы науқан аясында еліміздің әр өңірінде тоқсан сайын жеңімпаздар анықталатын болады 100 000 теңге жүлдесі random.org сайты арқылы Instagram парақшасында тікелей эфирде ұтыс ойыны арқылы аймақтағы ең үздік 50 пайдаланушының біріне беріледі - барлығы 20 жеңімпаз.

Сонымен қатар, 2025 жылдың 19 мамырынан бастап Ақмола облысында Halyk Bank ұтыс ойыны басталады.  Оған Банктің POS терминалдарында Банк карталарымен жасалған операциялардан чектер қатысады.

• Әрбір жүктеп салынған чек ұтып алудың бір мүмкіндігі.

• Ай сайын – 10 жеңімпазға дейін, әрқайсысы 100 000 бонус алады.

Қатысу оңай: тауарларды сатып алу немесе қызметтерге ақы төлеу кезінде фискалдық түбіртек сұраңыз және оны «Amian» қолданбасында тіркеңіз. Неғұрлым көп чектерді тіркесеңіз, ұтып алу мүмкіндігіңіз соғұрлым жоғары болады.

Сондай-ақ, Ақмола облысының тұрғындары «Салық кэшбэк» пилоттық жобасына қатысып, Amian мобильді қосымшасында сатып алу сомасының 2% көлемінде кэшбэк ала алатынын еске саламыз. Алынған қаражатты банк картасына аударуға немесе ұялы телефон балансына аударуға болады.