Жарияланған күні: 24.02.2023 18:37
Өзгертілген күні: 24.02.2023 18:39

Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2023 жылғы 3 наурызда "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі-Заң) заңды күшіне енетінін және қолданылатынын хабарлайды. Осы Заңға сәйкес қаржы басқарушысының сот банкроттығы рәсімін жүргізудегі және ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтірудегі қызметі көзделген.

          Заңның 15-бабына сәйкес қаржы басқарушысы Қазақстан Республикасының Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес қаржы басқарушысының қызметінің басталғаны туралы хабарламасы Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне (бұдан әрі-тізілім) енгізілген Қазақстан Республикасының азаматы бола алады.

         Қаржы басқарушысы қызметінің басталғаны туралы хабарлама беруге құқылы:

       1) "Оңалту және банкроттық туралы"Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметті жүзеге асыратын әкімші;

       2) кәсіби бухгалтер;

         3) аудитор;

         4) заң кеңесшісі.

         Хабарлама берілген жағдайда, кәсіби бухгалтерді қоспағанда, құжаттарды ұсыну талап етілмейді (кәсіби бухгалтердің сертификаты қоса беріледі).

         Сонымен қатар, Заңның 23-27-баптарында қаржы басқарушысының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот банкроттығын қалпына келтіру рәсімін жүргізу кезіндегі өкілеттіктері, сондай-ақ қаржы басқарушысының сыйақысы айқындалғанына назар аударамыз.

        Қаржы басқарушысының қызметін жүзеге асырғысы келетіндер уәкілетті органға Рұқсаттар мен хабарламалардың (Е-лицензирование) мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы тізілімге енгізу үшін қызметтің басталғаны туралы хабарлама беруі қажет - (www.elicense.kz).