
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде ҚР Қаржы министрінің орынбасары А.Н. Тұрысовтың қатысуымен Сенат депутаттары мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездесу өткізілді. Іс-шараның мақсаты – салық және кеден ақпараттық жүйелерінің жұмысын зерттеп, олардың экономиканы цифрландыру контекстінде әрі қарай жетілдіру мәселелерін талқылау болды.
Кездесуге ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Сейілжан Ахметов, комитет төрағасының орынбасарлары Жанібек Нұржанов, Қайрат Жұмағұлов және Ануар Сүлейменов қатысты.
Кездесуді ашқан Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Макежанов мемлекеттік процестерде заманауи цифрлық құралдарды енгізудің маңыздылығын атап өтті. Депутат цифрландыру салық және кеден әкімшілігін жүргізу тәсілдерін өзгертетінін, бұл өз кезегінде азаматтар мен бизнестің өмірін жеңілдетіп қана қоймай, сонымен қатар мемлекеттік институттарға деген сенімділік пен тиімділікті арттыруға ықпал етуі тиіс екенін айтты.
«Цифрландыру арқылы процестерді оңтайландыру көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға және бюджетке түсетін салық түсімдерін арттыруға көмектеседі. Біз мемлекеттік органдармен, бизнес пен сарапшылармен бірге экономикалық процестердің барлық қатысушылары тиімді әрі ашық жұмыс істей алатындай жағдай жасауға бағытталған әрекеттерді жүзеге асырып отырмыз», - деді Сұлтанбек Макежанов.
Кезең барысында Ануар Сүлейменов салық және кеден әкімшілігін цифрландыру туралы, ал Жанібек Нұржанов салық және кеден әкімшілігін жетілдіру туралы баяндама жасады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов бизнес өкілдері ақпараттық жүйелермен жұмыс барысында кездесетін негізгі проблемалық мәселелерді атап өтіп, оларды шешу жолдарын ұсынды.
Кездесу нәтижесінде салық және кеден ақпараттық жүйелерін дамыту перспективалары, олардың интеграциясын, процедураларды оңайлату және процестердің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша шаралар талқыланды. Сенаторлар барлық ұсыныстарды заңнамалық бастамаларды әзірлеу және цифрландырудың алдағы жоспарларын жүзеге асыру барысында ескеретінін атап өтті.