Жарияланған күні: 09.12.2024 18:35
Өзгертілген күні: 09.12.2024 18:36

2024 жылғы 3-5 желтоқсан аралығында Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында Дүниежүзілік кеден ұйымы (ДКҰ) Саяси комиссиясының 91-ші отырысы өтті. Бұл іс-шара әлемнің 29 елінің кеден әкімшіліктері басшыларын ұйым жұмысының негізгі мәселелерін талқылау және алдағы уақыттағы бағыттарын айқындау мақсатында біріктірді. Қазақстан делегациясын ҚР ҚМ МКК Төрағасының орынбасары Жұмағұлов Қайрат басқарды.

      Кездесудің ашылу салтанатында ДКҰ Бас хатшысы Ян Сондерс Оңтүстік Африка Республикасының үкіметіне қонақжайлылығы үшін алғыс айтып, Саяси комиссия отырыстары ұйымның болашақтағы жұмысының бағыттарын анықтауда шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Ол ДКҰ мүшелерінің күш-жігері халықаралық сауданы жеңілдетуге, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және қоғамды заманауи қауіптерден қорғауға бағытталғанын атап көрсетті.

      Үш күндік отырыс барысында қатысушылар кеден органдарының тиімділігін бағалау, күрделі шекараларды басқару және сауда арқылы ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл сияқты бірқатар маңызды мәселелерді қарастырды. Сондай-ақ, ДКҰ ұйымдық құрылымын жаңғырту және алдағы үш жылға ұйым жұмысының басымдықтарын анықтайтын жаңа стратегиялық жоспардың перспективалары талқыланды.

      Қазақстан өз ұстанымын білдіріп, жаңа стратегиялық жоспарда кеден қызметінің жұмысына тікелей байланысты тақырыптарға назар аудару маңызды екенін атап өтті, оның ішінде рәсімдерді жеңілдету, ашықтықты арттыру және цифрлық технологияларды енгізу мәселелері бар. Өз сөзінде Жұмағұлов мырза сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың, елдер арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін құрудың және тәжірибе алмасудың маңыздылығына баса назар аударды. Ол ДКҰ-ға мүше елдердің тығыз серіктестігі жеткізілім тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және халықаралық сауданы қолдауда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.