
Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салықтар мен төлемдерді төлеу мерзімін кейінге қалдыру/бөліп төлеу мүмкіндігіне қатысты хабарлайды:
Қаржылық қиындықтар туындаған кезде салық төлеушілер тіркеу (орналасқан) орны бойынша аумақтық мемлекеттік кірістер органдарына салық төлеушінің және (немесе) үшінші тұлғаның мүлкін кепілге қою арқылы және (немесе) банк кепілдігімен салықтар мен төлемдерді төлеу бойынша Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 49-51-баптарына сәйкес оларға кейінге қалдыруды не бөліп төлеуді ұсыну туралы өтініш бере алады.
Кепілге берілетін мүлік жоғалудан немесе зақымданудан сақтандырылуға тиіс және оның нарықтық құны салықтар мен төлемдерді төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімін өзгерту туралы өтініште көрсетілген салықтар мен төлемдер сомасынан кем болмауға тиіс. Мыналар кепіл нысанасы бола алмайды: тіршілікті қамтамасыз ету объектілері; электр, жылу және энергияның өзге де түрлері; тыйым салынған мүлік; салық органдарын қоса алғанда, мемлекеттік органдар салған шектеулері бар мүлік; үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынған мүлік; тез бұзылатын шикізат, тамақ өнімдері.
Салықтарды және (немесе) төлемдерді төлеу бойынша кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеу тиісінше салықтардың және (немесе) төлемдердің сомаларын біржолғы немесе кезең-кезеңімен төлей отырып, осы бапта көзделген негіздер болған кезде салықтарды және (немесе) төлемдерді төлеу мерзімін өзгертуді білдіреді.
Салықтардың және (немесе) төлемдердің сомаларын біржолғы төлей отырып кейінге қалдыру алты айдан аспайтын мерзімге беріледі.
Салықтардың және (немесе) төлемдердің сомасын тең үлестермен ай сайынғы немесе тоқсан сайынғы төлей отырып, бөліп төлеу үш жылдан аспайтын мерзімге беріледі.
Салықтарды және (немесе) төлемдерді төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімін өзгерту туралы өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) тиісті контрагент-дебиторлармен жасалған шарттардың бағаларын (өзге міндеттемелердің мөлшерін және олардың туындау негіздерін) және оларды орындау мерзімдерін көрсете отырып, салық төлеушінің дебитор-контрагенттерінің тізбесі, сондай-ақ осы шарттардың (міндеттеменің туындауының өзге де негіздерінің болуын растайтын құжаттардың) көшірмелері. Осы тармақшаның ережелері дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрмайтын жеке тұлғаға қолданылмайды;
2) салықтарды және (немесе) төлемдерді төлеу мерзімін өзгерту үшін негіздердің болуын растайтын құжаттар;
3) бағалаушының кепілге берілетін мүліктің нарықтық құнын бағалау туралы есебін қоса бере отырып, кепіл нысанасы болуы мүмкін мүлік туралы құжаттар не кепілгер банк пен салық төлеуші арасында жасалған банктік кепілдік шарты және банктік кепілдік.
Салық заңнамасының барлық талаптары мен нормалары сақталған кезде салықтарды және (немесе) төлемдерді төлеу бойынша салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгерту туралы мәселе қаралатын болады.