
Электронды нысанда ұсынылған жағдайда салық есептілігінің ұсыну мерзімін ұзартуға болады. Ол үшін тиісті хабарламаны қағаз немесе электронды түрде тіркелген жері бойынша мемлекеттік кірістер органына жіберу қажет.
«Салық кодексінің 212-бабына сәйкес салық төлеушілер тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті қоспағанда, салықтық есептілікті электронды нысанда ұсынған жағдайда оны ұсыну мерзімін ұзартуға құқылы».
Салықтық есептілікті ұсыну мерзімін ұзарту үшін тіркеу есебіне қойылған жері бойынша мемлекеттік кірістер органына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша, оның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы арқылы салықтық есептілікті ұсыну үшін Салық кодексінің белгіленген мерзім өткенге дейін хабарлама қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жіберу қажет.
Корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомаларының есеп-қисабын қоспағанда, салықтық есептілікті ұсыну мерзімі:
- корпоративтік табыс салығы немесе жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын;
- салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің өзге де түрлері бойынша декларацияны және (немесе) есеп-қисапты ұсыну үшін белгіленген мерзімнен бастап күнтізбелік он бес күннен аспайтын;
- тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша тәуекелдер деңгейі төмен салық төлеушілер үшін салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің өзге де түрлері бойынша декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын кезеңге ұзартылады.
Тиісінше, қаңтарда тапсырылуы тиіс 101.01 және 328.00 нысандары бойынша салықтық есептілігін ұсыну мерзімі ұзартылмайды.