
2023 жылғы 3 наурыздан бастап «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру туралы» Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 30 желтоқсандағы Заңы күшіне енді.
Осы Заң жеке тұлғалардың банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер алдындағы берешегі бойынша соттан тыс банкроттық тәртібін қарастырады.
Соттан тыс банкроттық рәсімін жиынтығында келесі шарттарға сәйкес келетін Қазақстан Республикасының азаматтары қолдана алады:
1) берешек айлық есептік көрсеткіштің 1600 еселенген мөлшерінен аспайды (2023 жылы 5 520 000 тенге);
2) он екі ай бойы өтеудің болмауы;
3) мүлікке, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлікке меншік құқығының болмауы;
4) орындалмаған міндеттемелерді реттеу және (немесе) өндіріп алу рәсімдері жүргізілді.
Сондай-ақ алты айлық атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен берешегі 5 жылдан астам өтелмеген азаматтарға да ерекше шарттары қарастырылған.
Алты ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін берешекті өтемеу мерзіміне қатысты 2-шарт есепке алынбайды.
Егер қарыз 5 жылдан астам уақыт өтелмесе, жоғарыда аталған барлық шарттар ескерілмейді.
Соттан тыс банкроттық туралы өтінішті мемлекеттік кірістер органына жіберуге болады:
1) Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы;
2) www.egov.kz "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы;
3) е-Salyq Azamat» мобильді қосымша арқылы.
Өтінішке келесі құжаттар қоса беріледі:
1) кредиторлардың атауы, берешек сомасы, тұрған жері көрсетілген тізімді;
2) банкпен, микроқаржы ұйымдарымен қарызды өтеу туралы құжат (коллекторлық агенттіктер үшін талап етілмейді).
Уәкілетті органның соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі борышкер туралы мәліметтер "электрондық үкімет" веб-порталында орналастырылған күннен бастап алты айды құрайды.
Борышкер туралы мәліметтер "электрондық үкімет" веб-порталында орналастырылған күннен бастап мынадай салдар басталады:
1) борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсетілген кредиторлар алдындағы борыштық міндеттемелерінің мерзімдері өткен болып есептеледі;
2) соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсетілген кредиторлардың борышкерден міндеттемелерді орындауды талап етуіне тыйым салынады;
3) борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсетілген кредиторлар алдындағы берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлды, айыппұлдарды) және сыйақыны есепке жазу тоқтатылады;
4) борышкердің жаңа ақшалай немесе мүліктік міндеттемелерді қабылдауына (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа) тыйым салынады;
5) уәкілетті органның мемлекеттік органдар мен өзге де органдардан және ұйымдардан борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану алдындағы үш жылға дейінгі кезеңдегі жалпы ортақ мүлкін қоса алғанда, мүлкі туралы ақпарат алуына борышкердің келісімі берілген деп есептеледі;
6) борышкердің банктік шоттарынан кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру есебіне ақша өндіріп алуға жол берілмейді;
7) соттардың борышты өндіріп алу туралы шешімдерін орындау тоқтатыла тұрады.
Соттан тыс банкроттық рәсімінің аяқталғаны туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап бес жыл бойы банкротқа қарыздар (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа) берілмейді, сондай-ақ одан банктік қарыз және микрокредит беру шарттары бойынша кепіл, кепілдік және кепілгерлік түріндегі қамтамасыз ету қабылданбайды.
Уәкілетті орган соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде борышкердің қаржылық жағдайына мониторинг жүргізеді.
Бұл ретте қаржылық жағдай мониторингінің шеңберінде борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтаруы мақсатында жеке мүдделері үшін жасаған әрекеттеріне тексеру жүзеге асырылады, оның нәтижелері рәсімді тоқтатуға немесе банкроттың міндеттемелерін тоқтатудан бас тартуға негіз болуы мүмкін.
Барлық сұрақтар бойынша 8(7162)72-12-42 телефоны арқылы хабарласуға болады.