
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесі 2019 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің кеңейтілген алқа отырысы барысында күн тәртібінде қаралған мәселелердің бірі болды.
Отырысқа қатысқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аумақтық департаментінің алдын алу және парасаттылық басқармасының басшысы Бақытжан Әмірханов өз сөзінде қатысушыларға әкімшілік мемлекеттік қызметшілер болып табылатын бірінші басшыларға, соның ішінде мемлекеттік кіріс органдары басшыларына да, тікелей бағынышты қызметкерлер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайда алдыңғыларға тәртіптік жауапкершілік туралы хабардар етті.
Сонымен қатар, спикер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметі, ең алдымен, парасаттылық, әділдік, сатылмаушылық, адалдық сияқты құндылықтарды қалыптастыру призмасы арқылы сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталғанына отырысқа қатысушылардың назарын аударды.
«Осы орайда, Департамент сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік жағдайын құру бойынша бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруда. Сондай-ақ, әрбір басшыны осы әлеуметтік зұлымдықтың алдын алуға бағытталған шараларын өткізуге тікелей қатысуға шақырамын», - деп, Бақытжан Әмірханов өз сөзін аяқтады.