
Астана, Қазақстан, 2024 жылғы 2-4 қыркүйек аралығында Азия даму банкінің (АДБ) қолдауымен Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті және оның аумақтық органдары өкілдерінің қатысуымен «Трансферттік баға белгілеу» тақырыбында семинар өтуде.
Семинар сессиясы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов және Қазақстандағы АДБ өкілдігінің жобалар бойынша бас қызметкері Асем Чакенованың құттықтау сөзімен басталды.
Жәнібек Нұржанов өз сөзінде әділ салық салуды қамтамасыз етуде және халықаралық іскерлік операцияларда агрессивті салықтық жоспарлаудың алдын алуда трансферттік баға белгілеудің маңыздылығын, сондай-ақ білікті мамандарды даярлау қажеттігін атап өтті.
Аталған семинарда, салық саясаты жөніндегі тәуелсіз кеңесші, АДБ-ның BEPS мәселелері жөніндегі кеңесшісі және заң профессоры Викрам Чанд дәріс береді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің бас маманы Наурызбек Әбдуохапов трансферттік баға белгілеу жөніндегі қазақстандық заңнаманы ағылшын тілінде таныстырып, оның негізгі ерекшеліктері мен соңғы өзгерістеріне назар аударды.
Іс-шараның негізгі мақсаты-трансферттік баға белгілеу саласындағы аумақтық мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру.
Семинар барысында қатысушылар трансферттік баға белгілеуді дамыту мәселелерін, сондай-ақ оның Қазақстанның салық жүйесіндегі және халықаралық деңгейдегі рөлін талқылайтын болады.