Жарияланған күні: 26.02.2021 19:22
Өзгертілген күні: 26.02.2021 19:23

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау үшін, «Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 19 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша мынадай заңнамалық өзгерістер көзделген.

  1. Сотталған сыбайлас жемқорларға мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды қолдануға тыйым енгізілді.

      Қылмыстық кодекстің (бұдан әрі – ҚК) 72-бабына енгізілген  түзетулерге сәйкес, шартты түрде мерзімінен бұрын босату (бұдан әрі – ШМББ) ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған адамдарға қолданылмайды.

            Ерекшеліктер тек екі жағдайда ғана:

- мұндай қылмыстарды әлеуметтік осал азаматтардың жасауы (жүкті әйелдер; жас балалары бар әйелдер; жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер; 58 және одан жоғары жастағы әйелдер; 63 және одан жоғары жастағы ерлер; бірінші және екінші топтағы мүгедектер);

- ынтымақтастық туралы іс жүргізу келісімінің барлық шарттарын орындаған сотталғандардың осындай қылмыстар жасауы.


            Залалды өтеу және бас бостандығынан айыру орындарында жазалар болмаған жағдайда, азаматтардың аталған санаттары іс жүзінде:

- ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде жартысын;

- аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен екісін өтегеннен кейін, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін.

            2. Сыбайлас жемқорлар үшін жазаны өтеу шарттары өзгертілді.

            ҚК-нің 46-бабының бұрын қолданыста болған редакциясына («Бас бостандығынан айыру») сәйкес сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарды қылмыстың ауырлығына қарамастан, сот дереу жазасын өтеу үшін ең төменгі қауіпсіздік ҚАЖ мекемесіне (колония-қоныстар деп аталатын) жіберуі мүмкін.

            Сыбайлас жемқорлар үшін мұндай артықшылықты жағдай, колония-қоныста жазасын өтеу үшін, кемінде, екі жыл жабық үлгідегі түзеу мекемелерінде өткізу қажет болатын жалпы қылмыстары үшін сотталғандарға қарағанда, белгілі бір сыни пікір тудырды және мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа жол беруге болмайтын жеңіл қатынасы туралы тұрақты қоғамдық пікір қалыптастырды.

Енді парақорлықтың ауыр құрамы үшін сотталғандар, ал бұл айтарлықтай (50 – ден 3000 АЕК-ке дейін) және ірі (3000-нан 10000 АЕК-ке дейін) мөлшерде пара алу және беру, құқық қорғау органы қызметкерінің немесе судьяның пара алуы, парақорлыққа бірнеше рет делдал болу жазасын өтеу үшін орташа қауіпсіз ҚАЖ мекемелеріне, ал аса ірі мөлшерде (10000 АЕК-тен жоғары) пара алған немесе берген адамдар - ең жоғары қауіпсіз ҚАЖ мекемелеріне жіберілетін болады.


            3.Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілер мен пара алуға делдалдардың сыбайлас жемқорлық үшін жазасы қатаңдатылды.

            Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялардың сыбайлас жемқорлық үшін жазасын қатаңдату ҚК-нің 361, 364, 365, 366, 369 және 370-баптарында мынадай саралау белгілерін енгізу арқылы іске асырылды:

- «құқық қорғау органы қызметкерінің сыбайлас жемқорлық                      іс-әрекет жасауы»;

- «құқық қорғау органында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның немесе судьяның ауыр жаза қолдануы».

            Сонымен қатар, ҚК-нің 367-бабының барлық бөліктерінде бірнеше еселенген айыппұл мөлшері ұлғайтылды.

            Анықтамалық:

            бірінші бөлігі: «пара мөлшері 10 еседен 20 есеге дейін» болса, «пара мөлшері 20 еседен 30 есеге дейін» болды;

            екінші бөлігі: «пара мөлшері 20 еседен 30 есеге дейін» болса, «пара мөлшері 30 еседен 40 есеге дейін» болды;

            үшінші бөлігі: «пара мөлшері 30 еседен 40 есеге дейін» болса, «пара мөлшері 40 еседен 50 есеге дейін» болды;

            төртінші бөлігі: «пара мөлшері 40 еседен 50 есеге дейін» болса, «пара мөлшері 50 еседен 60 есеге дейін» болды.

            Одан басқа, 368-баптың екі бөлігінде де еселік айыппұлдың мөлшері көбейтілді.

            Анықтамалық:

            бірінші бөлігі: «пара мөлшері 5 есе ден 10 есеге дейін» болса, «пара мөлшері 10 еседен 20 есеге дейін» болды;

екінші бөлігі: «пара мөлшері 10 еселенгеннен 20 еселенгенге дейін» болса, «пара мөлшері 20 еселенгеннен 30 еселенгенге дейін» болды.


                        4. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары, судьялар үшін Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде шоттар (салымдар) ашу және оларды иелену, Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтау бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеу енгізілді.

            Қаралып отырған шектеу қолданылатын адамдар лауазымға тағайындалған күннен бастап 6 ай ішінде, ал жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары мен судьялар (бұдан әрі – мемлекеттік қызметшілер) Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап 6 ай ішінде (31.12.2020ж. бастап) Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан шетелдік банктердегі қолда бар шоттарды жабуға міндетті.

 

Бұл ретте, Заңда мемлекеттік қызметшілердің шетелдік банктерде шоттары болуға құқығы бар жағдайлар айқындалған, атап айтқанда: олар Қазақстан Республикасынан шет елдердегі мекемелерге, өкілдіктерге және халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген немесе шетелде оқып жүрген, немесе шетелде тағылымдамадан өткен, немесе шетелдік іссапарда болған немесе шетелде емделіп жүрген жағдайларда, немесе шетелде кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі ретінде не шетелдік банктердегі шот немесе қолма-қол ақша және басқа да құндылықтар мұраға қалдырылған кезде мемлекеттік қызметшінің немесе тиісті адамның жұмыс немесе оқу не емделу кезеңінде кәмелетке толған адамның қорғаншысы немесе қамқоршысы ретінде болады.


            Тиісті мән-жайлар тоқтатылған күннен бастап (мысалға, шетелдік іссапардан, оқудан және т.б. қайтарылған күннен бастап) немесе мұра қабылданған күннен бастап 6 ай ішінде мемлекеттік қызметші шетелдік банктегі шотты жабуға және (немесе) шетелдік банктегі қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауды тоқтатуға міндетті.

            Егер мемлекеттік қызметші шет мемлекеттің құзыретті органдары салған қамаққа алуға байланысты немесе дүлей зілзалалар, әскери               іс-қимылдар, төтенше жағдай сияқты мән-жайларға байланысты шотты жаба алмаса, шот тыйым салуды қолдану тоқтатылған немесе өзге де мән-жайлар тоқтатылған күннен бастап 6 ай ішінде жабылуы тиіс.

Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналастыруға жол берілмейді деп бекітілген.