Жарияланған күні: 27.09.2022 18:51
Өзгертілген күні: 27.09.2022 18:52

    Ақмола облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде «2021 жылға жеке тұлғалардың мүлік және көлік салықтарын төлеу. Мемлекеттік кірістер органдарының цифрлық қызметтері» тақырыбы бойынша брифинг өтті

Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Назгүл Аюпова жыл сайын 1 қазаннан кешіктірмей меншігінде салық салу объектілері бар жеке тұлғалар өткен жыл үшін мүлік салығын объектінің орналасқан жері бойынша төлеуге міндетті екенін айтты.

Егер Қазақстан Республикасының аумағында 2021 жылы сіздің атыңызға: тұрғын үйлер, ғимараттар, саяжай құрылыстары, гараждар және басқа да құрылыстар, жер учаскесі тіркелген болса, онда сізге мүлік салығын төлеу қажет.

Егер салық салу объектiсi бiрнеше тұлғаның ортақ үлестiк меншiгiнде болса, осы тұлғалардың әрқайсысы салық төлеушi деп танылады.

Бiрлескен ортақ меншiктегi салық салу объектiлерi бойынша өздерiнiң арасындағы келiсу бойынша осы салық салу объектiсi меншiк иелерiнiң бiрi салық төлеушi бола алады.

    Салық кодексінің 494-бабы 3-тармағына сәйкес жеке тұлғалар үшін бюджетке 2021 жылға көлік құралдары салығын төлеу мерзімі 2022 жылғы 1 сәуірден кешіктірілмейтін күн болып табылады – деп берешектермен жұмыс басқармасының  бас маманы  Акмарал Мейрманова хабарлады.

Меншік құқығында салық салу объектілері бар жеке тұлғалар көлік құралдарына салық төлеушілер болып табылады, егер жеке тұлға автокөлікті сенімхат бойынша басқарса, онда төлем иесінің ЖСН-де ғана жүргізілуі тиіс. Төлеу тұрғылықты жері бойынша жүргізіледі.

Көлік құралдары салығы бойынша берешек сомасын «Е Салык-Азамат» мобильді қосымшада, сондай-ақ Telegram чат ботында «@SalyqBot» және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан есептей аласыз. 

Бүгінгі күні Ақмола облысы бойынша көлік құралдарына салынатын салық бойынша берешек 17 мың 234 жеке тұлға бойынша 522 млн.теңгені құрады.

Салық міндеттемелерін орындауды жеңілдету үшін Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғаларға арналған «E-salyq Azamat», кәсіпкерлер үшін «E-salyq Business» мобильді қосымшаларын әзірледі.

Салық және кеден мәселелерін халыққа түсіндіру, халықты хабардар ету және кері байланыс алу бойынша жедел көмек көрсету мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Telegram-да Чат-боты іске қосылды. Чат-боттың Мемлекеттік кірістер комитетінің байланыс орталығына келіп түсетін өтініштер негізінде әзірленген деректер базасы бар, бұл пайдаланушыға оператордың қатысуынсыз салық және кеден заңнамасы бойынша жиі қойылатын сұрақтарға лезде жауап алуға мүмкіндік береді.

Шара барысында аталған цифрлық қызметтер бойынша бейнероликтер көрсетіліп, қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.