Жарияланған күні: 06.01.2023 14:20
Өзгертілген күні: 06.01.2023 14:22

Ақмола облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы»  Қазақстан Республикасының Заңы тақырыбы бойынша брифинг өтті.

Шара барысында Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Әсем Шәкірова 2022 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттықты қалпына келтіру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылғаны туралы жеткізді.

Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. Бұл қарызы бар азаматтар 2023 жылдың наурыз айында банкроттық туралы арыз бере алады деген сөз.

Халықаралық тәжірибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрін енгізу ұсынылды (соттан тыс банкроттығы, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру).

 Бірінші рәсім: Соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін.

 Бұл рәсімді қолдану үшін келесі шарттар орын алады:

  1. банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешек 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) аспаса;
  2. өтініш берген күннен бастап қатарынан 12–ай ішінде міндеттемелері өтелмеуі тиіс;
  3. мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік жоқ болуы;
  4. банкпен берешектер бойынша жұмыс жүргізу;
  5. банкроттық 7 жыл бойы қолданылмау қажет.

 

 Соттан тыс банкроттық «Электрондық үкімет» веб-порталында басталады. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіру критерийлеріне сәйкестігін анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік және басқа органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізілетін болады.

 5,5 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады.

Үшінші рәсім – ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі, тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады.

Сауықтыру жоспары қаржы бақарушымен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі.

Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.

Өтініш EGOV электрондық үкімет порталы арқылы беріледі