Жарияланған күні: 29.12.2023 18:44
Өзгертілген күні: 29.12.2023 18:48

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ақмола облысына жұмыс сапары шеңберінде жергілікті кәсіпкерлермен, мемлекеттік органдыры өкілдерімен кездесіп, бизнесті қолдау мен қорғаудың бірқатар мәселесін талқылады.

Кездесуде экономикалық ведомство басшысы ұлттық экономиканы нығайтудағы бизнес-қоғамдастықтың рөлін атап көрсетті.

Қабылданып жатқан қаржылық және заңнамалық сипаттағы мемлекеттік қолдау шаралары мен бизнес ортаны одан әрі жақсарту мәселесі кездесудің негізгі тақырыбына айналды. Жұмыс кездесуіне қатысушылар бірнеше ұсыныс айтты. Атап айтқанда, кредиттеу, салықтық жеңілдіктер, экологиялық төлемдер, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге гранттар, жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің табысын нығайту және туризмді дамытуға қатысты.

Бұдан басқа, жергілікті кәсіпкерлер сату салығының жаңа жеңілдікті режіміне қатты қызығушылық танытып, қызмет түрлерінің тізбесін кеңейтуды ұсынды.

«Жоғарыда аталған мәселелер біздің Министрлік қызметінің басым бағыты болып табылады. Біздің мақсатымыз – отандық бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау», - деді Қуантыров.